Жаңалықтар

Қолдау мен қамқорлық

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары сүт зауытын аралап, мал дәрігерлерімен кездесті.

Астанадан келген депутаттар — Мұхтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниев әуелі «Айс-плюс» компаниясына барды. Сүт өндірісімен айналысатын зауытта қазіргі таңда тағы бір цехтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Өйткені жыл өткен сайын Ақтөбенің сүт өнімдеріне сұраныс артып отыр. Өз елімізді айтпағанда, көршілес Ресей Федерациясымен экспорт жолға қойылған.

— 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында сүт өнімдерінің түр-түрі шығарылады. Күніне 70 тонна сүт өнімдері өндіріледі. Қызметкерлердің саны — 260.

Биыл қуаттылығы 50 тоннаға жететін цех салып жатырмыз. Аппараттар Германия мемлекетінен әкелінді. Жоспар бойынша ақпан айында ашылады, — деді аталған компанияның бас инженері Қуантай Әбішев.

Зауыт жұмысымен танысқан сенаторлар Ақтөбедегі сүт өнімдерінің елордада да сұранысқа ие екенін айта келе, кәсіпте береке тіледі.

Ақтөбе қалалық ветеринариялық стансасының жұмысы да назардан тыс қалмады. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай жыл сайын мал дәрігерлеріне, жалпы осы салаға қамқорлықтың күшейіп келе жатқанын, мысал ретінде соңғы жылдары жалақының өскенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ветеринария саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Былтыр мал дәрігерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артты. Сондай-ақ тоқсан сайын бір айлық көлеміндегі сыйақысы берілді. Биылдан бастап жалақы мөлшері тағы 30 пайызға көтерілгелі отыр. Одан бөлек осы салада штаттың саны да көбеймек. Өткен жылы өңірдегі ветстансаларға 29 қызметтік көлік тапсырылды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады, — деді ол.

Өз кезегінде Мұхтар Жұмағазиев қазіргі таңда Сенатта ветеринарияға қатысты заң жобасының қаралып жатқанын, соған ұсыныс-тілекті жеткізуге шақырды. Мақсат — ауыл шаруашылығына маманданған облыстың қызметкерлерімен пікір алысу. Салалық мәселелердіортаға салған ақтөбелік мал дәрігерлері әлі де қолдауды күтетінін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button